Атырауда бекіре зауыты жаңғыртылады: бірінші кезеңі қарашада аяқталады

Атырауда Каспий теңізіндегі сирек кездесетін балық түрлерінің популяциясын сақтау және көбейту бойынша маңызды нысан – бекіре балық өсіру зауыты ауқымды түрде жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress .

Ақ Жайықтың жағасында, Каспий теңізінің сағасында орналасқан Атырау өңірі ежелден балық шаруашылығымен танымал. Сол саланың ішінде ерекше орын алатын — Атырау бекіре балық өсіру зауыты. Бұл нысан – бекіре, ақсерке, шоқыр секілді сирек кездесетін балық түрлерін сақтап қалуда маңызды рөл атқаратын экологиялық орталық.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл кәсіпорынды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталды. Зауыт сирек кездесетін балық шабақтарын қолдан өсіріп, оларды табиғи ортаға жіберу арқылы Каспийдегі балық қорын қалпына келтіруге үлес қосады.

«Жаңаталап» және «Еркінқала» учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба аясында Курин типіндегі қашыртқы жүйесі, су тартқыш құбырлар, екі қыстақ тоғаны салынады, сондай-ақ су сорғы станциясына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Жаңғыртудың бірінші кезеңін 2025 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланған, ал екінші кезең осы жылдың қыркүйегінде басталады.