Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері «Nissan Teana» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушылары бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдап жүргені туралы жедел ақпаратты тексерген. Бұл туралы ATPress.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Тексеріс нәтижесінде Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторлары қала көшелерінің бірінің қиылысында аталған автокөліктен бекіре тұқымдас балықтарды тасымалдаған қала тұрғындарын анықтап, 81,4 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді. «Қазіргі уақытта 1992 жылы туған екі, 1996 жылы туған бір күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша Атырау қаласының №1 Полиция бөлімімен ҚК-тің 339-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды» делінген хабарламада. Одан өзге Қараөзек ауылы тұсынан қала тұрғынының Toyota Camry көлігінен 20 келіге жуық бекіре балығын, ал Балықшы поселкесінде «Ваз-2110» автокөлігінен 15 келіге жақын бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Айта кетейік, аталған заңбұзушылықтар «Бекіре-2022» жедел-профилактикалық іс шарасы барысында анықталып отыр. >