«Бекіре-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 сәуір 31 мамыр аралығында жалғасады.
Іс-шараның мақсаты - браконьерлік іс-әрекеттің, бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің, олардың өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, алдын алу мен жолын кесуге бағытталған.
Табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының іс-қимыл жасасу мақсатында, (Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, мамандандырылған табиғат қорғау және әскери прокуратурасы, көліктік бақылау инспекциясы мен ҰҚК-нің Шекара қызметімен т.б.) балық қорғау акциясын өткізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары жасақталып бекітілді.
Балық қорғау акциясын ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру органы болып облыстық Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы белгіленіп, табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының өкілдері қатарынан аталған іс-шараның Үйлестіру штабы құрылып қызмет атқарады.
Заңсыз балық аулаудың жолын кесу бойынша Жайық өзенінің негізгі арнасы мен өзектері және Каспий теңізінің оң жақ, сол жақ беттері аумақтарына Департаменттің су полициясы 6 су көліктерімен балық қорғау инспекциясымен бірлесіп қызмет атқарады.
Сонымен қатар, Республикалық және облыстық тас жолдарында (Астрахань, Ақтөбе, Орал бағытындағы және облыстық Индер тас жолы) және қала аумағындағы автокөлік жолдарымен айналма далалық жолдарына 47 жылжымалы мобильдік бекеттер қызмет атқаратын болады. Соның ішінде Астрахан тас жолымен, теңіз жағалауында орналасқан Зинеден, Жанбай, Марташи, Қара өзек және Еркінқала Дамба, Зарослый және Алғабас айналма жолдарында мобилдік топтармен браконьерлік жолмен ауланған балық және балық өнімдерін заңсыз тасымалдауды анықтау бағытында жұмыстар өтеді.
Сонымен қатар, заңсыз балық аулаудың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында, Жайық өзені жағалауларында орналасқан қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларымен бақылау жүргізіледі.