Атырау облысында Бауыржан Момышұлы есімді сайлаушы дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бауыржан Момышұлы есімді жас жігіт Қызылқоға ауданындағы Ойыл ауылдық округінде тұрады.
Ол осындағы №147 сайлау учаскесіне әкесі Момыш Мәмбетқалиев, анасы Майра Қонарова және жұбайы Жайнагүл Мүтиевамен бірге келіп, дауыс берді.
Әкесі Момыш Мәмбетқалиевтың айтуынша, ұлына қайсар, батыл болсын деген ниетпен Бауыржан есімін берген.
Оның отбасы елдегі маңызды шаралардан қалыс қалмай, көпке үлгі болып жүреді.
«Ауылды, елді көркейту білімді, білікті мамандарға, жалпы баршамызға байланысты болады. Мемлекеттің өркендеуін қалайтын азамат ретінде осы сайлаудан соң үлкен өзгеріске жол ашылады деп есептеймін. Сол себептен, елдің болашағына бейжай қарай алмадым. Мен әйелімді, ұлым мен келінімді ертіп келіп, сайлау учаскесінде өз таңдауымызды жасадық. Бұл іс жалғасын табады. Ұлым да – көпбалалы әке. Ол да әке ізін жалғап, өз ұрпағына дұрыс жол сілтейді деген сенімдемін. Еліміз үшін саналы әр азаматтың дауысы маңызды ғой. Ал, елдің бірлігі мен тыныштығы одан да зор маңызға ие», -дейді ауыл тұрғыны Момыш Мәмбетқалиев.
Бауыржан Момышұлының жасы – 30-да. Жылыой ауданындағы «Теңіз» кенішінде тұрбамонтаждаушы болып жұмыс істейді.