Сот абайсызда адам өліміне кінәліні процестік келісім шеңберінде шартты мерзімге соттады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласының №2 сотында тұтынушының өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін айыпталғанға қатысты қылмыстық іс . туралы Атырау қаласының №2 соты мәлім етті.
«Мұнайшы» спорт кешеніндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік міндеттерін сақтамай, 10 жасар қыз баланы ересектерге арналған жүзу бассейні залына өткізген, онда ол бассейннің тереңдігі 5,5 метр болатын қауіпті бөлігінде жүзген. Жүзе алмағандықтан қыз бала бассейнге батып кеткен. Осылайша, құтқарушы тарапынан дер кезінде назар аударылмай, шұғыл түрде көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптары сақталмауы абайсызда жасөспірімнің өлiмiне әкеп соққан. Прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталды. Жәбірленуші тарап келісім шарттарымен келісті.
Үкім қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін барлық мән-жайлар ескеріле отырып, келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылды. Сотталушы ҚК-тің 306-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com