Атырауда балық тиелген кеме мұз құрсауында қалып қойды

Кеме көктемге дейін тұруы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеме капитаны Иван Павловтың айтуынша, балықшылар Каспий теңізінен балық аулап келе жатқан. Кемеге 7 тонна балық тиелген.

  - Жайық өзеніне өтуге 6 шақырымдай қалғанда, су көлігі таяз жерге тіреліп қалған. Оның мұз құрсауында тұрғанына 3 апта болған. Теңіз жақтан қатты жел соқса, су келетін еді. Біз сондай сәтті күттік. Өйткені, таяз жерден шығу мүмкін емес. Күн күрт салқындап, кемеміз мұздың құрсауында қалды. Енді күн сайын таңертең мұзды ойып жүрміз. Себебі, мұз қалыңдығы әртүрлі – бір түнде 5 см, кейде 3 см болады. Мұз қалыңдап, кемені қысатын болса, корпусын жарып жібереді, - дейді Иван Павлов.

  Қазір мұз құрсауындағы кемені «Амангелді» ЖШС-нің балықшылары күзетуге кірісті. Өйткені, күн жылынғанға дейін кемені мұз ортасынан шығару мүмкін емес. Мамандар кеменің мұз құрсауында қалуын каналдар түбінің тереңдетілмеуімен байланыстырады.

- Жайық өзенінде тереңдету жұмысына 7 млрд, Қиғаш өзені бойынша 11 млрд теңге қажет. Осы сұранысты тиісті органдарға, министрлікке жолдадық, - дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.