Атырауда баласынан зәбір көрген ана қарттар үйіне баруға шешім қабылдады

Атырауда ұлынан зәбір көрген 73 жастағы ана тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету орталығын паналаған, деп хабарлайды AtyrauPress.

Құрманғазы ауданының тұрғыны бұнда жатқанына 5 ай болғанын айтады. Жаттан көрмеген қорлықты туған ұлынан көрген кейуана барар жер, басар тауы болмай, осы орталықтан көмек сұрапты.

«Ұлым салынып арақ ішпейді. Ара-тұра ғана. Бірақ, кез келген сәтте ши шығарып, қатты ашуланғанда қол да жұмсайды. Тіпті болмағанда пісірген тамағым ұнамаса, ыдысымен лақтырып, зәремді алады» дейді ана.


Бірінші отбасымен жараспаған ұлының екінші некесі де көпке бармапты.


«Келінім мен немерелерімді жақтағаным балама ұнамаған секілді. Соңғы кездері мазамды алып жөнсіз тиісуі көбейді. Соққы жұмсап, бет-аузым көгеріп жүрген сәттерім де болды» дейді ол.

Бар-жоғы 20 мың теңге зейнетақы алатын ана үйде қол қусырып қарап жатпайды. 

«Біреудің малын қарап, сылақ жұмыстарын жасап тапқан ақшам өзіме жетеді. Бірақ, бауыр етім - баламмен бірге тұру мүмкін болмады. Полиция шақырып, заңмен де қорқытып көрдім. Одан да ештеңе өзгермеді. Ақыры, ауылда әр үйді паналап жүргенімде аудандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полиция мамандарының бірі осында алып келді» дейді жаны қиналған ана.

Орталыққа келгелі өмірінің түбегейлі өзгергенін айтқан әжейдің енді өз үйіне қайта айналып барғысы жоқ.

«Осында келген бойда қызметші мамандар асты-үстіме түсіп,  жуындырып, киіміме дейін әперді. Тамағы дәмді, бөлмелері жылы әрі жайлы. Ең бастысы жаным тыныш.
 Бұнда менен басқа да әйелдер бар. Бірақ олар -күйеулерінен зорлық көріп келгендер. Мен ше? Мен туған ұлымнан  зәбір көрген байғұспын. Балам кішкентайында жақсы-ақ еді. Қазір не болғанын білмеймін. Тіпті, жылай-жылай көз жасым да суалды»  дейді.

Безбүйрек ұл кеткеніне бес ай болған анасын іздеу былай тұрсын, түнгі уақытта телефон соғып мазалайтын көрінеді.


«Ауылдан кетерімде баламнан түңілгеннен жазаға тартуды ойлап полиция бөліміне арыз жаздым.  Кейін бір полицей жігіттің кеңесі мені райымнан қайтарды. «Бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған ұлыңызға енді қылмыстық іс қозғалады. Үш жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Арыздансаңыз,  жазасын алар. Бірақ, оның темір торда жатқандағы уайымы онсыз да жаралы жаныңызға тыныштық берер ме екен?» деп еді. Осы сөзден соң баламның қамалғанын қаламай, сот күні бармай қалдым» дейді күйзелген кейуана.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар бұл орталықты  әрісі 6 айға дейін паналай алады. Ананың ендігі баратын жері – қарттар үйі. Өзі солай шешіпті.


 «Бізге тұрмыстық зорлық зомбылық көрген әйелдер жиі келеді. Олардың ішінде отбасымен жараспай, уақытша тұрақтайтындары, ақыл-кеңес алып тұратындары да бар. 20 адамға жасақталған орталықта қазіргі уақытта 5 әйел балаларымен тұрып жатыр» дейді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің директоры Айбаршын Иманғалиева.


Бұнда әйелдер құқықорғау органдарының баянатымен қабылданады. Жатар орны мен үш мезгіл тамағы тегін. Психолог, заңгер, маман-тәрбиеші, мейірбике мамандар оңалту, өмірге бейімдеу, құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетейік, былтыр Атырау облысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 7 мыңнан астам қоңырау түскен.