Атырауда «Балалық - бақыт мекені» атты концерт өтті

1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай және «Балалардың игілігі үшін» республикалық акциясы аясында атыраулық балақайлар көрермендерге өнерін паш етті.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атыраудағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар оларды қолдап келген басқа да өнерлі бүлдіршіндер сахна төрінде ән салды, би биледі және өлең оқыды.

Балалардың қуаныштан бал-бұл жанған жүзін көру бір бақыт. Бұл күні өнер көрсеткендер де, залда отырған кішкентай көрермендер де көтеріңкі көңіл-күйде болды.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның айтуынша  қиын жағдайға тап болған балаларды қамқорлыққа алып, қоғамнан өз орнын табуына қолдау көрсету жұмыстары тиянақты жүзеге асырылып келеді.

«Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиеленушілер алаңсыз білім алып, бос уақытын көңілді әрі мәнді өткізеді. Бойында өнері бар ұл мен қыздарды дамытамыз, шыңдай түсеміз. Мәселен, олар түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгін балалардың өнерін тамашаласын, көрсін деген ниетпен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып отырмыз», дейді  отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Г.Ботатаева.

Айта кетейік, отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 4 жастан 18 жасқа дейінгі 60 бала тәрбиеленіп жатыр.