Атырауда балалардың жазғы демалысына бюджеттен 564 миллионнан астам теңге бөлінді

Биыл жаз айларында балалар мен жасөспірімдердің демалысына, сауықтырылуына және жұмыспен қамтылуына  жергілікті бюджеттен 564 млн 205,0 мың теңге қарастырылған, деп хабарлайды AtyrauPress.

"Биыл жазғы лагерьлерде 78 мың 198 бала демалады.  Олардың қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүгедек және мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушыларына басымдық берілген. Облыс бойынша  1-10 сыныптарды барлығы 135 мың 402 бала бітірді", - деді облыстық білім басқармасындағы қызметкерлер. 

5 маусымнан бастап 149 мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі жазғы лагерьлер жұмысын бастайды. Онда 8466 бала демалады. Ал тамақтандыру қарастырылмаған лагерьде  65 мыңнан астам бала қамтылады.

Сонымен қатар 3 қала сыртындағы лагерьде 2 мың 988 баланы қамту жоспарланған. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы Железноводск қаласындағы  «Геолог Казахстана» лагеріне -  1500, Индер ауданындағы «Жас өркен» лагеріне - 1008, Махамбет ауданындағы «Арай» лагеріне - 480 бала барады.

Ал әлеуметтік жобалар аясында 1000 оқушы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университеті жанындағы «Ainaline Camp» демалыс орнында сауықтырылады.

Жалпыға міндетті оқу қорынан 1 мың 277 оқушы қала сыртындағы лагерьлерге жолдама алып, олар үшін басқа облыстың мәдени-көрікті жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА