Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері алаңдаушылық білдіруде: емдеу мекемесіне жыл сайын түрлі күйік шалған балалар көбірек түседі, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау облыстық балалар ауруханасында күйіккке шалынғандарды емдейтін арнайы бөлім жоқ. Сондықтан, түрлі термиялық және химиялық күйік шалған балалар облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімшесінде бес төсектік екі палатада ем алады. Бүгінде кішкентай науқастарға облыстағы жалғыз балалар комбустиологі, (ол да балалар травматологі) Руслан Жанбекеев көмектеседі. Оның айтуынша, былтыр ауруханаға 130 бала түсіп, оның 6-ы қайтыс болса, 2022 жылдың басынан бері 52 бала тіркелген. Олардың көпшілігі бір жасқа да толмапты. Өкінішке қарай, үшеуі өмірден өтті.
– Бүгінде алты науқас бала ауруханада ем қабылдап жатыр, тағы төртеуі жансақтау бөлімінде. Олардың халі өте ауыр. Жалпы мұндағылардың көпшілігі - үш жасқа толмаған балалар. Біздің байқауымызша, Атырау облысында түрлі күйікпен ауруханаға түскен балалар көп болса, басқа қалаларда олардың саны бірнеше есе аз, айына 2-3 жағдай ғана тіркеледі. Өткен жылдың желтоқсан айында аурушылық тым көп болды. Айтайын дегенім, егер ата-аналар балаларды мұқият бақылаған болса, мұндай жағдай болмас еді. Статистикаға сүйенсек, енді ғана еңбектей бастаған сәбилердің күю фактілері көп.
Сәбилер жалыннан, ыстық заттардан, қайнаған судан және электр тоғынан зардап шегуде. Күйіктің өзінен гөрі салдары қорқынышты, өйткені, оның ақыры көбіне-көп мүгедектікке әкеліп соғады. Маған сеніңіз, күйік шалған балаға қарау әрқашан ауыр және қорқынышты болады, - дейді Руслан Жанбекеев.
Комбустиолог балаға бейқам қараған ата-аналарды жауапкершілікке тартатын кез келді деп есептейді. Ол қазір балалардың ата-ананың қадағалаусыз қалғанына алаңдаулы. Үлкендер қаннен қаперсіз, қалтафонына телмірумен балаларға мүлдем қарамайтын болған.
– Мысалы, шетелде немқұрайлы ата-аналарға айыппұл салынып, тіпті ата-ана құқығынан айырады. Бұл әдісті елімізде енгізетін уақыт жетті деп ойлаймын. Жарлық бойынша мемлекет аналарға, сондай-ақ жұмысқа бара алмайтын көп балалы отбасыларға бала күтімі бойынша жәрдемақы төлейді, осылайша аналар жай ғана балаларға дұрыс күтім жасауға, баланы қамқор болып, қоғауға міндетті. Бұл бүгінде шешуді қажет ететін өте үлкен мәселеге айналды, себебі көп жағдайға ата-ана кінәлі, - деп есептейді дәрігер.
Облыстық балалар ауруханасна аудандық ауруханалардан 5-10 пайыз күйік шалған кішкентай науқастар да келеді. Жергілікті дәрігерлер денесінің 20-25 пайызына дейін күйік шалған науқастарды қабылдауға дайын, ал елу пайыздан асқандар 2020 жылдан бастап елордалық күйік орталығында емделеді. Бұл үшін санитарлық авиация жұмыс істейді, тасымалдауда ешқандай кедергі жоқ. Дәрігердің айтуынша, медициналық топ қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, бірақ, көбіне бәрі жағдайдың ауырлығына байланысты. Ал, науқасты емдеу - ұжымдық жұмыс, онсыз адамның өмірін сақтап қалу мүмкін емес. Сондықтан кәсіби дайындықтан өткен реаниматологтар мен педиатрлар комбустиолог Руслан Жанбекеевке көмектеседі. Анестезиологсыз дәрігерлер жараны таңып, оның орнын емдеуді толық атқара алмайды. Гематолог қан құюға, зертханашылар анализдің дұрыстығына жауапты.
Дәрігердің айтуынша, жарақат алудың абсурдтық жағдайлары жиі кездеседі. Оған мына соңғы жағдайларды мысал қылуға болады. Үйдегі жылыту радиаторына сүйеніп ұйықтап жатқан бала күйіп қалды; анасы 40 күнге де толмаған сәбиді ыстық суға шомылдырды; әжесі мән бермей қалып, бала ыстық сорпаны қағып жіберді.
Осындай жауапсыздық салдарынан балалар ауыр күйіктен жарақат алып, ұзақ емделіп, тіпті соңы өліммен аяқталып жатқан жағдайлар кездеседі. Өйткені, әрқайсымыз, кем дегенде, қайнаған суға аз ғана күйген адам оның қандай қорқынышты екенін біледі. Ал балалар жағдайында бұл - жүздеген есеге ауыр.
Динара КАНБЕТОВА