Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі тозығы жеткен балаларға арналған 20 ойын алаңы жаңартылды. Жалпы бұл жұмыс қыркүйек айында басталған еді. Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болған, сынған, бүлінген жерлері көп тағы 20 алаң жаңартылып жатыр. Бұл туралы қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторының бас маманы Дулат Қуанғали айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жалпы жаңарту жұмысы тұрғындардан түскен өтінішке сәйкес жүргізілуде. Бірлік, Құрсай,Авангард, Вокзал маңы, Мирас, Нұрсая, Жерұйық сынды ықшам аудандар мен Сырым Датов, Мұхтар Әуезов, Азаттық сияқты көшелерде орналасқан үйлердің ауласындағы ойын алаңдары қалпына келтірілуде.
Сондай-ақ қалалық әкімдік 18 спорттық алаңның құрылысын жүргізіп жатыр. Алаң аумағында жаттығуға арналған қондырғылар орнатылады.Жалпы бүгінде облыс орталығындағы ойын және спорттық алаңдардың саны 250-ге жуықтайды.
- Ықшам аудандар мен қала іргесіндегі ауылдарда балаларға арналған ойын және спорттық алаңдар салынуда. Ескілерін алып, орнына жаңасын орнатып жатырмыз. Жыл сайын сынған, бұлінген жерлерді қалыпқа келтіру жұмысы да ұмыт қалған емес. Жаңартылып жатқан тағы 20 алаңды қазан айының соңында тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторының бас маманы Дулат Қуанғали.