Атырау облысында «Балалар жылы» аясында 70-ке жуық іс шараны қамтитын жоспар жасақталды деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Дүйсекенова кезекті сесияда баяндады.
«Білім және ғылым министірлігі мен Атырау облысы әкімдігі 70-ке жуық іс шараны қамтитын жоспар жасақтады. Жоспар аясында жыл басынан бүгінге дейін облыс бойынша 40 іс-шара өткізілді. Аталған шараларға 55 мыңнан астам бала қамтылды» дейді А.Дүйсекенова.
Оның айтуынша, іс-шаралар жоспарының негізгі бағыты ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау үшін психологиялық-педагогикалық түзету мекемелерінде психологиялық қолдау орталықтарын ашу және аталған санаттағы балаларды қосымша білім берумен қамту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жұмыстарды қамтиды.
«Облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларға жергілікті бюджеттен 14 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде 4 млрд 200 млн. теңге – жаңадан салынатын мектептердің құрылысына бөлінді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруы үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Шара аясында 3 жарым мың бала қамтылды. Алдағы уақытта 2000 жасөспірімді қамту жоспарлануда» деді білім беру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Дүйсекенова.