Атырауда балабақшалардағы бір реттік ыстық тамақ бағасы өсті

Білім беру нысандарында балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету және ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін жергілікті кәсіпкерлер бұл мәселенің шешілуін тағатсыздана күтті, деп хабарлайды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы алаңында Атырау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА тиісті қаулы шығарылғанын хабарлады.

"Азық-түлік бағасының қымбаттауына байланысты балабақшаларда бір реттік ыстық тамақ мөлшерін арттыру туралы қаулы қабылданды. 3 жасқа дейінгі балалар үшін бұл сома 402 теңгеден 627 теңгеге дейін, 3 жастан 7 жасқа дейінгі балалар үшін 473 теңгеден 783 теңгеге дейін өседі. Мектептердегі балаларды бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету тарифтеріне келетін болсақ, олар жаңа оқу жылының басында қайта қаралады деп күтілуде", - деді Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА.

Сонымен қатар, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев  Атырау облысы 1-4 сынып оқушыларды  100 пайыз ыстық тамақпен қамтыған төрт өңірдің қатарында екендігін алға тартты. Алайда, күніне бір балаға бекітілген соманың мөлшері ел бойынша ең төмен болып қалуда. Бұл қосымша құн салығынсыз бір балаға күніне 267 теңге белгіленген. Салыстыру үшін айта кетейік,  мамыр айының соңында Ақмола облысында бұл көрсеткіш - 750 теңге, Жамбыл облысында – 450 теңге, көршілес Ақтөбе облысында – 507 теңге, Батыс Қазақстан облысында - 380 теңге болды.

"Балалардың тамақтану сапасына тікелей әсер ететіндіктен, бұл тарифтің нарықтық бағаға сәйкестігі мәселесі біздің облыс кәсіпкерлері тарапынан бірнеше рет көтерілді. Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені жергілікті атқарушы органдардың алдында бірнеше рет көтерген еді. Енді бірлескен күш-жігердің арқасында осы бағытта оң өзгерістерге қол жеткізілді", - деп түйіндеді өз сөзін Нұрлан Сүйінбаев.