Қазақстандық әзірлеушілер Атырау қаласында «Azamattyq Sergek» атты пилоттық режимде жаңа өнімді шығарды. Бұл азаматтарға арналған телеграмм бот. Бот арқылы тұрақ ережелерін бұзу туралы өтініштерді жіберуге болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жоба полиция басқармасының қолдауымен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, қаладағы тәртіпті сақтау және жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жайлылығы үшін жүзеге асырылды.
«Azamattyq Sergek» пайдаланушылары жүргізушілердің жолда және тұрақта дұрыс тоқтамаса, жаяу жүргіншілер жолында, гүлзарларда, көгалдарда, ойын алаңдарында немесе спорт алаңдарында тоқтаса, сондай-ақ жолда көлік құралдарының қозғалысына әдейі кедергілер жасаса өтініштер мен фотосуреттерді телеграмм ботқа жібере алады.
Бұл жүйенің арқасында атыраулықтар жолдардағы мәселелер туралы хабарландыруларды тиісті қызметтерге оңай жібере алады.
- «Azamattyq Sergek» арқылы өтініш жіберу үшін мәліметтер толтырылып, пайдаланушы берілген ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз ету үшін деректерді толтырады. Қажет болса, пайдаланушы көліктің маркасы/моделі/түсі, шығарылған жылы, ерекше белгілері туралы ақпаратты қосымша толтырып, тағы 2 фотосурет қоса алады. Жаңа өтінішке идентификатор (ID номер) тағайындалады. Ол арқылы өтініштің статусын көруге болады. Пайдаланушы өтініштерінің тізімінде статус (келісілген/орындалуда/қабылданбаған/аяқталған), ID нөмірі, күн, өтініш сипаттамасы, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі болады, - дейді пилоттық жобаны әзірлеушілер.
«Azamattyq Sergek» ботына қосылу үшін мына сілтемеге өтіңіз.
Мира Нұртаева