Желіде екі жас қыздың Привокзальный шағын ауданында орналасқан жылы аялдаманың қабырғаларын қалай бояп жатқаны бейнеленген видео тарады , деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау полицейлері аялдама қабырғаларына жазған бұзақыларды әлеуметтік желі парақшалары арқылы тез арада анықтады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандардың бірі – Атырау бизнес және құқық колледжінің студенті. Бойжеткен бірінші курста екен. Оқиғадан кейін бірден колледж студенттерімен және олардың ата-аналарымен профилактикалық сұхбат жүргізілді.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 448-бабына сәйкес, яғни, «16 жасқа толмағандар жасаған бұзақылық, яғни мемлекет қорғауындағы ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, жазуларды немесе сызбаларды теріс пайдалану, сол сияқты қасақана басқа қоғамдық орындардағы мүлікке зиян келтіру» бойынша хаттама толтырлды.
– Біз мұндай профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргіземіз. Бірақ, сол оқиғадан кейін түсіндіру, ағарту жұмыстарын күшейттік. Біздің колледждің студентіне келсек, профилактикалық әңгімеден басқа нақты шара қолданбадық. Оны тек сот шешеді, - дейді Атырау бизнес және құқық колледжі директорының орынбасары Назерке Қожабаева.
Белгілі болғандай, бұл оқиғаға қатысты материалдар Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.