AtyrauPress тілшісінің хабарлауынша, қоғамдық көліктің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін Avtobys қосымшасына жаңа функция енгізілді — енді автобустың нақты аялдамаға келу уақыты көрсетіледі.
«Smart Qala» ЖШС директоры Марғұлан Ешмановтың айтуынша, енді қала тұрғындары өзіне қажетті автобустың қай жерде келе жатқанын және таңдалған аялдамаға дейін қанша минут қалғанын нақты уақытта көре алады. Бұл сапарларды дәлірек жоспарлап, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
— Мысалы, №14 автобус «Абай» аялдамасына қанша минутта келетінін білгіңіз келсе, картадан аялдаманы ашып, қажетті аялдаманы бассаңыз, экранның төменгі жағында барлық автобустар мен олардың келу уақыты көрсетілетін тізім шығады, — деп түсіндірді Ешманов.
Директордың айтуынша, бұл функция наурыз айының соңында енгізілген, алайда қазір де оны жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.
— Қаладағы ТКШ бөлімінен автобус маршруттарының нақты сызбаларын күтіп отырмыз, сол арқылы қызметті толықтырып, жақсартуды көздеп отырмыз, — деді ол.
Жанат Шаяхметова