Атырау қаласында жаңбыр суын сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
27 наурызда Атырау облысында ауа райының күрт нашарлап, көп мөлшерде жаңбырдың жаууына байланысты көше бойларын жаңбыр суы басты. Жергілікті атқарушы органға көмек ретінде, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары көше бойына жиналған жаңбыр суларын сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуде.
"Сағат 05:40-тан бастап Атырау қаласы, Сарқамыс ы/ауданы Т.Садықов көшесі бойында 2772 куб су сорылды. Сағат 10:15-те Атырау қаласы, Жұлдыз – 1 ы/а, Моде Қаған көшесі бойында жаңбырдың салдарынан жиналған 2 м3 суды сору жұмыстары жүргізілді. Сағат 12:10-нан бастап Атырау қаласы Томарлы ауылы Шалхаров көшесі бойында тұрғын үйдің ауласына жиналған жаңбыр суын сору жұмыстары жүргізілуде. Сағат 13:55-тен бастап Атырау қаласы, Сарықамыс-2, №13 көшедегі тұрғын үйдің ауласына жауын-шашын салдарынан жиналған суды шығару жұмыстары жүргізілуде. Сағат 14:55-тен бастап Атырау қаласы, Мирас ы/а, Астана көшесі бойында орнасқан «Алаш» бала-бақшасының ауласында жауын-шашын салдарынан жиналған суды шығару жұмыстары жүргізілуде. Авариялық-құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 17 қызметкері және 2 бірлік техника (ПНС, АР), 4 дана мотопомпа жұмылдырылды" делінген облыстық ТЖД баспасөз хабарламасында.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ