Атырау облысы Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында жүріп жатқан ауылішілік жол құрылысының сапасына тұрғындар наразылық білдірді, деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы тұрғындар шағымы бойынша құрылыс орнына барып, мәселенің мән-жайын білген аудандық мәслихат депутаттары әлеуметтік желіде жариялады.
- Аққыстау ауылындағы Гумаров көшесінің тұрғындары хабарласып, салынып жатқан жолдың сапасы жөнінде реніштерін білдірді. Бір топ аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің төрағасы мен кеңес мүшелері болып болған жайтты анықтадық. Тұрғындардың реніші жөні бар екен. Мердігер мекеме жолдың төменгі қабатына төсейтін құмды топырақты төсемей, қара жерге бірден қиыршық тасты жайып жатқанын көріпті, - дейді аудандық мәслихат депутаты Нұрым Мусин.
Құрылысқа тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдарбек Зиноллаев та келіп, сол бойда мердігер компанияның өкілімен сөйлескен. Сөйтіп, 100 метр шамасындағы жолға төселген қиыршық тасты қайта жинақтап, құмды топырақты төсететінін айтыпты әлгі басшы.
- Біз өз тарапымыздан осы жіберілген кемшіліктер жөнінде АКТ жасақтап, алдағы уақытта осы кемшіліктерді болдырмаудың алдын алу шараларын ұйымдастыру үшін атқарушы билікке жолдадық, - дейді депутат.
- З.Гумаров көшесінің тұрғындары тарапынан көтерілген мәселе бойынша бақылау жұмыстары барысында мердігер “Информстройсервис” ЖШС-і тарапынан жол құрылыс жұмыстарында жіберілген қателіктер қазіргі уақытта қалпына келтірілді. Дегенмен, бұл жерде қиыршық тастардың (щебень) арнайы техникамен төселіп, тығыздап басу жұмыстарын жүргізбегендігін ескерген жөн. Бұл жерде алдын ала үйіп төгу жұмыстары жүргізіліп, кейін тапсырыс беруші біздің және техникалық қадағалаушы тарапынан алдағы жұмыстарға рұқсат берілген жағдайда қиыршық тасты төсеп, арнайы техникамен (каток) тығыздау жұмыстары жасалатын болады. Нысандағы жұмыстарға жауап беретін басшының орнында жүрген жауапты тұлғаға жіберілген қателіктері үшін шарасын алуға және алдағы уақытта бұл жұмыстарды атқаруға жіберілмеу мәселесі бойынша мердігерге тапсырма берілді, - дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдарбек Зиноллаев.
Бөлім басшысы жол құрылыс жұмыстарына бақылау күнделікті жүргізіліп отырғанын, бұл алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.