Атырау облысында ауылдық елді мекендерге дәрігерлерді тарту мақсатында көтермеақы мөлшері арттырылып, қосымша жеңілдетілген несие тетігі енгізілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Журналист облыстық әкімдікке республикалық бюджеттен орасан қаржы бөліп отырған донор өңірде медицина мамандарын, оның ішінде жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту шаралары қалай іске асырылып жатқанын сұрады.
Серік Шәпкенов жауап ретінде Президент тапсырмасына сәйкес бұл бағытта нақты шешімдер қабылданғанын атап өтті. Шалғай ауылдарға жолданатын дәрігерлерге бір жолғы көтермеақы 10 миллион теңгеге дейін тағайындалған. Аудан орталықтары мен басқа ауылдық елді мекендерге барған мамандарға 8,5 миллион теңге, қаладағы маман тапшылығы бар қызмет орындарына жіберілетін дәрігерлерге 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.
«Соңғы екі жылда аталған бағдарлама аясында облысқа 200-ге жуық маман тартылды. Қазіргі уақытта әлі де 95 маман жетіспейді. Қажетті елді мекендердегі және аса қажетті мамандар тұрақты тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, өз қаражаты арқылы тұрғын үй сатып алғысы келетін мамандарға Отбасы банкімен келісілген жеңілдетілген пайызбен несие беру бағдарламасы бар. Осы шаралардың нәтижесінде бүгінде 100-ден астам маман тұрақты баспанамен қамтамасыз етілді», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыру және кадр тапшылығын жою - облыс әкімдігінің басты басымдықтарының бірі.