Атырауда бір адамды жабылып ұрып өлтірді деген 8 күдіктіге қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды AtyrauPress.
Индер ауданы, Есбол ауылында болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты жылға жуық уақытқа созылған сот процесіне нүкте қойылды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Зарема Хамидуллина бір адамды жабылып, асқан қатігездікпен ұрып-соққан сегіз күдіктінің үшеуіне 15, қалған бесеуіне 6 жыл мерзімнен бас бостандығынан айыру туралы үкімін оқыды. Үкім 15 күннен кейін заңды күшіне енетін болады. Бұған келіспеген тарап осы уақыт аралығында апелляциялық сотқа шағымдануға құқылы.
Одан бөлек сотталғандардан зәбірленушінің пайдасына моральдық зиян үшін 37 млн теңге көлемінде өтемақы өндірілді.
Айта кетейік, оқиға былтырғы тамыз айында Индер ауданы, Есбол ауылында болған. Екі ауылдастың болмашы себепке бола өзара келісе алмаушылығының соңы орны толмас қасіретке ұласты.
2021 жылдың 6 тамызында Индер ауданында жәбірленуші К. сотталушы А.-ны ұрып-соғып, оған дене жарақаттарын келтірген. Бұл туралы сотталушының достары естіп, 2021 жылғы 8 тамызда сотталушылар Т., Х., Б. және У. қаладан ауылға келген.
Шамамен сағат 13.00 – де сотталушылар А., О. және куәлар М., И. жәбірленуші К.-ның үйіне келіп, оған А.-мен сөйлесу үшін ауыл сыртына шығуды ұсынған. Басқа адамдар жөнінде білмеген жәбірленуші К. олармен сөйлесуге шыққан. Осы уақытта қалған сотталушылар Т., Ғ., Х.. Б. Ә., У. тығылып, бұларды сырттарынан бақылап, оқиға орнына келген.
Жәбірленуші оқиға орнында жігіттердің бірімен сөйлесіп тұрған кезде бір топ адамның келе қалғанын және олардың бірінің көліктен темір тұрбамен шыққанын көріп, дереу қаша жөнеледі. Осы уақытта сотталушы Т. жәбірленушімен бұрын ашу-араздығы болғандықтан, темір тұрбаны алып көліктен түскен. Барлық сотталушылар жәбірленушінің соңынан қуып, сотталушы Ғ. бірінші болып жетіп, оны жерге шалып құлатқан.
Сол кезде сотталушылар жәбірленуші К.-ні ұрып-соғып, теуіп, оған ауыр, орта, жеңіл дәрежедегі дене жарақаттарын келтірген.
Әсіресе, үшеуі жәбірленушіні өлтіру мақсатында темір тұрбамен оның басынан, бетінен, аяқ-қолдарынан бірнеше рет ұрып-соққан.
Т.-ның жәбірленушіні темір тұрбамен ұрып жатқанын көрген бес сотталушы өз іс-әрекеттерін тоқтатып, қасындағылардан оны тұрбамен ұрмауды сұраған.
Алайда әлгі үшеу ұруларын тоқтатпай, жәбірленушіні аяқ-қолдарымен, тұрбамен ұрып-соғып, оған ауыр дене жарақаттарын келтірген және оқиға орнында тастап кеткен.
Сол күні жәбірленуші К. ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болды. Медициналық сараптама қорытыдысына сүйенсек, жәбірленушінің денесіндегі жарақаттың көптігінен оның санын анықтау мүмкін емес. Оның бас сүйегі, жағы, қолдары мен аяқтары сынғаны белгілі болды.