Атырауда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті

Салтанатты шараға аймақ басшысы Серік Шәпкенов, сала мамандары мен ардагерлері қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Дала еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған Серік Шәпкенов саланы дамыту бағытында жүріп жатқан жұмыстарға тоқталып, әкімдіктен қолдау жалғаса беретінін айтты.

- Бұл сала азық-түлікпен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту басым бағыттардың бірі болып келеді. Ауыл шаруашылығы саласы – азаматтарымыздың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ел экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Күнделікті тыныс-тіршілігіміздің күретамыры іспетті отандық аграрлық сектор сала қызметкерлері еңбегінің арқасында қарқынды дамып келеді. Кең байтақ Отанымыз бен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі тек сіздер арқылы қамтамасыз етіледі. Сарқылмайтын еңбексүйгіштіктің саф алтындай белгісі ретінде әрқашан дастарханымызда береке, шаңырағымызда құт-бірлік шалқысын!-деді С.Шәпкенов.

Алқалы жиында ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен еңбек ардагері  Елемес Абдошев марапатталды.  «Құрмет» орденімен «Нұрлы дала» ШҚ басшысы Мұратай Сарманов, ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Ащысай» ШҚ басшысы Бақтығали Жиенқұлов,  «Дастан» ШҚ механизаторы Ғарифолла Мұстафин, «Жан» ШҚ басшысы Жұмажан Жакин наградталды.

Сонымен қатар Серік Шәпкенов Жем ауылдық округінің әкімі Нұртас Қуатбаевқа, «Талапкер» ШҚ басшысы Қисметолла Жәрдемовке,  «Алғаязов» ШҚ басшысы Оразғали Алғаязовқа, Жылыой аудандық  ветеринарлық стансасы директорының орынбасары Бақтыбай Нұржановқа, «Нұрлы дала» агрофермасының мүшесі Ерлан Бисенғалиевке «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тақты.

Кейін саланың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет Грамотасымен», облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.