Атырауда ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Атырау облысының әкімі ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Серік Шәпкенов аграрлық салада ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдің АӨК дамуына үлес қосқан мамандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент Жарлығы негізінде “Құрмет” ордені Тасшағыл өндірістік кооперативінің төрағасы Оңғар Жанықұловқа және танымал ғалым-зоотехник, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты және докторы Қосыбек Ырзағалиевке табысталды. Сондай-ақ саланың екі ардагері — Аманғали Жаңабаев пен Мұхит Шайдолла III дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен марапатталды.
Облыс әкімі сала мамандарына ауыл-аймақтың тұрақты дамуына қосқан еңбегі үшін алғыс айтып, аграрлық сектордың жетістігі — жергілікті еңбеккерлердің майталман жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

Айта кетейік, Атырау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы соңғы жылдары өсім көрсетіп келеді және өңірде аграрлық жобалар тұрақты жүзеге асырылуда.