Атырауда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

Атырауда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді.

Атырауда ауыл шаруашылығы, сондай-ақ азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, арнайы марапаттар табыстады. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы — өз ісіне адал еңбек етіп жүрген мамандардың ортақ жетістігі.

Жиында сала қызметкерлері мен ардагерлер ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Үздік қызметкер сельского хозяйства РК» төсбелгісімен, Құрмет грамоталары және облыс әкімі Серік Шәпкеновтің алғыс хаттарымен марапатталды. Соның ішінде Премьер-министрдің алғыс хатымен марапатталғандардың бірі — Мақат ауданындағы «Батиқа» шаруа қожалығының басшысы Балтағұл Едігареева. Ол ауыл шаруашылығы саласында 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың 10 айында облыстың ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 116,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артқан.