Атырауда ауыл оқушыларына арналған «IQanat» олимпиадасының II кезеңі өтуде

Атырау облысында ауыл мектептерінің 8-сынып оқушыларына арналған «IQanat» олимпиадасының II кезеңі өтіп жатыр. Облыс бойынша оған 390 оқушы қатысуда,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

II кезеңнің қорытындысы бойынша республикадан үздік 1000 оқушы финалға өтеді. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін білім алады, қалғандары үш жылдық дайындық бағдарламасында ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін жетілдіреді.

-Атырау облысында IQanat олимпиадасы 8 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олимпиада үш кезеңнен тұрады: қазан айында аудандық кезең ұйымдастырылса, қазір облыстық екінші кезең өтуде. Бұл кезеңде оқушылар бес пән бойынша білімдерін сынайды. Үш міндетті бағытпен қатар ағылшын тілі және таңдау пәндерінің бірі қамтылған. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мектептері оқушыларының зияткерлік әлеуетін дамыту, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру және дарынды балаларды анықтап, жүйелі қолдау көрсету,-деді Ұйымдастырушы Сауле Кубашева.

Сонымен қатар жоба қатысушылары «Лига плюща» бағдарламасы шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарының гранттарына үміткер бола алады.