Атырауда ауыл әкіміне заңсыз сыйақы тағайындаған лауазымды тұлғалар анықталды

Атырау облысы Индер ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары арқылы Есбол ауылдық округі әкімінің тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын негізсіз алынып, заңсыз 656 609 теңге көлеміндегі сыйлықақы берілген. 

Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Есбол ауылдық округі әкіміне берілген сыйлықақыны мемлекеттің бюджетіне кері қайтарту және тиісті лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды, деп хабарлайды ATPress.kz.  

  Осы және өзге де мәселелер әдеп жөніндегі кеңес отырысында талқыланды. 

Мәселен, Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысына денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз бола тұра, қызметтік автокөлікті пайдаланып, заңнама талаптарын бұзғаны үшін мемлекеттік лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізілді. Ал, Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының басшысына өзі басқаратын мекеме ұжымында іскерлік ішкі татулықты сақтай алмауы салдарынан сынға ілігуі себепті «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

   Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы қарамағындағы қызметкермен қарым-қатынас барысында дөрекілікке жол берген. Оған «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды. 

  Бұдан бөлек, Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілінің және Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысының есептері тыңдалды.