«С.Г. есімді әйел адам 5 тамыз күні облыстық аурухана төсегінде көз жұмған. Қазіргі уақытта Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тексеру комиссиясы жұмыс істеп жатыр» деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, марқұм 27 маусым күні жүктілігіне байланысты тұрғылықты мекен-жайындағы емханаға есепке алынған.
10-22 шілде аралығында №1 Атырау облыстық ауруханасының хирургия бөлімінде асқазан-ішек жолдары сырқатынан ем қабылдаған.
Арада үш күн өткеннен кейін науқас 25 шілде күні ауруханаға қайта түседі. Бұл жолы қан құсып, әлсіреп тұрған науқас гастроэнтерология бөліміне жатқызылады.
«Консилиумнан кейін науқас 26 шілде күні жансақтау бөліміне ауыстырылды. Кешенді тексеру жұмыстары жүргізілді.
Телемедицина арқылы облыс мамандары, оның ішінде акушер-гинекологтар, кардиологтардың, республикалық орталық мамандарының қатысуымен консилиумдар өтті.
Жалпы процеске Израильден шеберлік сағаттарын өткізуге келген шетелдік мамандар да қатыстырылды.
30 шілде күні науқастың жағдайы күрт нашарлады. Аурудың асқынуы салдарынан жүктіліктің 17-18 аптасындағы науқас 1 тамыз күні таңғы сағат 6.10-да түсік тастады.
Бұл туралы ақпарат науқастың туыстарына хабарланды. Меңдеген дерттің әрі түсіктің салдарынан әлсіреген науқастың жағдайы жасалған отадан кейін де жақсармады. 5 тамыз күні науқастың жүрегі тоқтап қалды. Көрсетілген шұғыл реанимациялық ем-шараларға қарамастан, науқасты құтқару мүмкін болмады. Сағат 10:55-те биологиялық өлім тіркелді» делінген Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы жолдаған хабарламада.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда облыстық ауруханасында жүкті әйел адам көз жұмғанын жазған болатынбыз. 1990 жылы туған марқұм әйелдің артында екі сәбиі, жолдасы қалды.
Атырау облысы полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бабы (« Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша іс қозғалып жатқанын хабарлады. «Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды.
Өзге ақпарат «ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің» 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды» деп түсінік берді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз-қызметі.
Баян Жанұзақова