Атырауда ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Өшпес ерлік үлгісі» атты іс-шараға қатысты.

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. «Кеңес әскерлері сапында сан отандасымыз от пен оқтың ортасында ерлік көрсетіп, жауынгерлік борыштарын адал атқарды. Олардың қатарында жеті жүзден астам атыраулық болды. Өкінішке қарай, жат елде біраз батыр бауырымыз жан тапсырды. Оларды тек ақпанда ғана емес, әрдайым құрметпен еске аламыз. Руһтарына үнемі тағзым етіп, ешқашан ұмытпаймыз»,-деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Ауған соғысы ардагерлеріне облыстың қоғамдық өміріне белсенді атсалысып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүргендері үшін арнайы ризашылығын білдірді. 

Сондай-ақ облыс әкімі ардагерлерге әлеуметтік қолдау жасалатынын да жеткізді. Атап айтқанда, ауған соғысы ардагерлерінің коммуналдық қызметтерін өтеудің төлем мөлшері, денсаулығын қалпына келтіру және емделу үшін санаторияларға баруға қарастырылатын қаражат көлемі мен біржолғы берілетін әлеуметтік көмек мөлшері көтеріледі. «Санаторияларға баруға әуе және теміржол көліктерімен жылына бір рет ел аумағында тегін жүру мәселелері де қарастырылуда. Әлеуметтік қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады»,-деген өңір басшысы жуырда ғана облыстық «Ауған соғысы ардагерлері Одағының» төрағасы болып сайланған Әлішер Куловтың жұмысына сәттілік тіледі. 

Іс-шара барысында бір топ Ауған соғысының ардагеріне ҚР Қорғаныс министрі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. 

Өз кезегінде облыстық «Ауған соғысы ардагерлері Одағының» төрағасы Әлішер Кулов алда жасалатын жұмыстарға тоқталды. Кеш патриоттық әндерге негізделген концерттік бағдарламаға ұласты.