Атырауда ауа райының қолайсыздығына байланысты жарақат алғандар саны артып отыр

Атырауда өткен аптаның жұмасынан бастап жауған қар салдарынан қала көшелерінде құлап жарақат алғандардың қатары көбейіп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облыстық ауруханасы жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Асхат Бисенғалиевтің айтуы бойынша, жарақат алғандар саны соңғы 3 тәулікте көбейген.

«Қар жауғанға дейін қалыпты түрде 30-35 адам қабылдап келдік. Ал 6 ақпан күні 55 адам, 7 ақпанда 70 адам, ал бүгін 65 адам  түрлі жарақаттар алып, медициналық көмекке жүгінді. Науқастардың басым бөлігі қолын, білегін сындырған. Өйткені адам құлаған кезде қолын тіреп барып құлайды. Мұнан соң тобығы, желкесі сынғандар көп. Олардың арасында жастар да, үлкен кісілер де бар. Егер күрделі сынық болса, онда науқас 2-3 ай емделеді. Ал жеңіл сынық болса, 1 айда сауығып кетеді» дейді А.Бисенғалиев.

Сонымен қатар 7 ақпан күні көлік қаққан 3 науқас жарақат бөлімшесіне түскен. Оның біреуі ауруханаға жатқызылды. Ал екеуі емін үйінде жалғастырады.

Дәрігерлер жарақаттардың дені дүкен, дәріхана және жаяу жүргіншілер жолағы маңында жиі орын алады деп отыр.