Атырауда ауа құрамындағы күкіртсутектің шекті мөлшерден бірнеше есе артық екені тіркелді

Атырау тұрғындарының өтініштеріне байланысты «Қазгидромет» мамандары атмосфералық ауаның сапасына жоспардан тыс мониторинг жүргізді. Қала мен қала маңындағы бірнеше аумақта жүргізілген өлшеулердің нәтижесі күкіртсутектің шекті рұқсат етілген концентрациясынан едәуір асып кеткенін көрсетті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 25 қаңтарда атмосфералық ауаны мониторингтеу жөніндегі кезекші топтың кестесіне сәйкес әрі қала тұрғындарының ауа сапасына қатысты өтініштеріне байланысты кезекшілік барысында Атырау облысы бойынша РМК «Қазгидромет» филиалының мамандары атмосфералық ауаның сапасын өлшеу үшін көшпелі тексеру жүргізді.

Атмосфералық ауа сынамалары төмендегі мекенжайлар бойынша алынды:
* Кенөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала ауылы;
* Тасқала ауылына іргелес аумақ;
* Химпосёлок ықшам ауданы.

Зертханалық талдаулардың нәтижесі бойынша атмосфералық ауада күкіртсутек концентрациясының шекті мөлшерден асқаны анықталды:
* Кенөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала ауылында — 17,5 есе;
* Тасқала ауылына іргелес аумақта — 15,0 есе;
* Химпосёлок ауданында — 36,3 есе.

Сынамалар алынған кезеңде метеорологиялық жағдайлар мынадай болды:
желдің бағыты — солтүстік-солтүстік-шығыс, ауа температурасы — –9 °C, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы — 81 %.

Аталған ақпарат қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау үшін барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатынын хабарлаймыз.

Фото: pixabay