Атырауда атыс қаруын сақтау тәртібін бұзған 84 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ATPress.kz.

Қазіргі таңда Атырау облысы аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара аясында заңсыз сақталған 1 тегіс ұңғылы және 1 шолақ қару, 1 электрошокер, 1 қолдан жасалған қару анықталды. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 287 бабымен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) 1 қылмыстық іс тіркелді.

Сонымен қатар, 2 азамат Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 482 бабымен (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 1304 азаматтық атыс қарулар иелерінің тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріс ұйымдастырылып, азаматтық атыс қару сақтау тәртібін бұзғаны үшін – 84 және  азаматтық атыс қаруды тіркеу немесе қайта тіркеуден өткізбегені үшін – 17 қару иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.