Қыркүйектен бастап адам папиллома вирусына қарсы екпе салына бастайды. Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансердің онко-гинекологы Жадыра Құдабаева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
"Жатыр мойны обырынан сақтанудың негізгі жолы – адам папиллома вирусына қарсы екпе алу. Дүниежүзілік ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, қатерлі ісікті тудырушы вирус адам паппиломасы екені дәлелденген. Айта кетейік, 2012-2013 жылдары бұл екпе облыста пилоттық жоба ретінде іске асты. Қазір, сол кезде екпе алған азаматшалардан аурудың белгілері анықталмады. Сондықтанда, биыл қайта жоспарға енгізілді. Екпе салу жұмыстары оқушы қыздардың ата-анасының рұқсатымен жүргізіледі", - деді Ж.Құдабаева.
Анықтама үшін: облыста 560 әйел жатыр мойны обырымен есепте тұр. Соның ішіндегі 56 науқас соңғы алты айда тіркелген. Ал, өткен жылы осы аурудан 24 әйел қайтыс болған.