Атырауда Астана күні қайда не өтеді?

Атырау облысында Астана күніне орай бірқатар шара өтеді. Бұл туралы Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Асылбек Жылқыбекұлы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Астана қаласының 25 жылдығына орай концерттен бастап спорттық фестивальдерге дейін түрлі іс–шаралар өткізіледі.

- Астана күнінің 25 жылдығын тойлау мақсатында Атырау қаласында 6 шілде күні Сұлтан Бейбарыс алаңында «Астана – елімнің ордасы» атты мерекелік концерт өтеді. Бұл концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді. Сонымен қатар Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Астана - арман қала» атты апталық кітап көрмесі ұйымдастырылады. Елорда күні тек қала бойынша емес, аудан орталықтарында да кең көлемде тойланады. Нақтырақ айтар болсақ, «Жайнай бер, Астана!» атты мерекелік концерттік бағдарламасы. Айта кету керек Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұсынысы негізінде көптеген спорттық шаралар өткізіліп жатыр. Күні кеше ерлер арасында Армрестлингтен Атырау облысының чемпионаты өткен болатын. Жалпы негізгі концерттік шара Сұлтан Бейбарыс алаңында өтеді. Барлық қала тұрғындарын Елорда күнін бірге тойлауға шақырамын, – деді А.Жылқыбекұлы.

Сондай-ақ, 8 шілде күні қалалық Дене шынықтыру бөлімімен Атырау қаласының Жайық өзенінде «Байдарка есу» сайысын ұйымдастыру жоспарланып отыр.