Атырауда «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша 185 адамға үй берілген

Атырауда 185 әскери қызметкер «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша баспаналы болған, деп хабарлайды ATPress.kz.

Өздеріңіге мәлім, елімізде тамыздың 25-і күні «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды. Бағдарламаға тұрғын үй төлемдерін алып тұратын, Отбасы банкінде арнайы ағымдағы шоты бар және бұған дейін тұрғын үй төлемдерін жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдаланбаған кез келген әскери қызметкер қатыса алады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл бағдарлама 2018 жылы бастау алған еді. Содан бері Атырау облысында 185 адам баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Отбасы банк АҚ-ның  Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Оразбайұлы Құрманның айтуынша, жалпы «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша 2 млрд 774 млн  016 мың 335 теңгеге үй берілді.

-Алғашқы әскери өнім 1 млрд 913 млн 158 мың 853 теңге 32 тиын болса, екінші легінде 860 млрд 857 млн 481 мың  93 тиынға қаржыландырылды, - дейді Н.Құрман.

Бағдарламаға қатысуға өтініштер 30 күн бойы Баспана маркет https://otbasybank.kz/ порталында қабылданады. Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін автоматты түрде негізгі және резервтік тізімдер құрылады. Іріктеудегі жалғыз талап – арнайы депозит бойынша жинақталған сыйақы сомасы, яғни тұрақты түрде салымына қаражат жинағандардың негізгі тізімге кіру мүмкіндігі жоғары болмақ. Негізгі немесе резервтік тізімге өткенін немесе өтпегенін үміткерлер Баспана маркет порталындағы жеке кабинеттерінен көре алады.

Негізгі тізімге енген әскерилер 180 күн ішінде баспана тауып, тиісті рәсімдерді жасауы қажет.

Айта кетейік, жалпы Қазақстан бойынша «Әскери баспана» бағдарламасымен бүгінге дейін 13 мың 378 қазақстандық әскери қызметкер тұрғын үй жағдайын жақсарта алды. Берілген несиенің жалпы сомасы – 258 4 млрд теңге.

 

Фото: ашық дереккөздерден алынды.