Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Арулар – асыл жандар» атты салтанатты шарасы өтті. Мерекелік шараға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қатысып, ақ жаулықты аналар мен ару қыздарды құттықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шараға мемлекеттік қызмет, денсаулық, білім, спорт, мәдениет, құқық қорғау, құрылыс, қаржы, төтенше жағдайлар және коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері және еңбек ардагерлері қатысты.
Қала әкімі жиырма көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін, Мемлекеттік қызметте талай жыл қызмет атқарған еңбек ардагері Гүлнәр Құспановаға Атырау қаласының Құрмет грамотасын және қаламыздың әр саласында еңбекпен ерекшеленген үздіктерге Алғыс хат табыстады.
Шаһар басшысы өз сөзінде отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету –мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы екенін атап өтті.
- Әйелдер қауымы шаңырақтың шырайын келтірер Отанасы – аяулы ана, адал жар, үлгілі қызметкер миссияларын қатар алып жүр. Кәсіпкерлік пен саясатта, білім мен денсаулықта, ғылым мен өнерде, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе тамаша табыстарға қол жеткізіп келесіздер. Қаламыздың экономикалық және әлеуметтік дамуы жолында сіздердің өз қолтаңбаларыңыз бар екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Осы ретте, өңіріміздегі өркенді өзгерістер мен өрелі істерге қосқан мол үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Шуақты мереке қарсаңында жанұяларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін, - деді қала әкімі Шәкір Кейкин.