Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті жұмысшы топ құрамымен бірлесе отырып, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге «Арнаулы кәсіптік әлеуметтік төлемнің» енгізілуіне орай 20 мекемеге түсінік жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Арнаулы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында еңбек етіп жатқан немесе 55 жасқа толып, алайда зейнет жасына жетпей жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаментінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі басшысының орынбасары Айгерім Бекқалиева аталған төлем ақпан айынан бастап берілетінін айтып өтті.
- 1 қаңтардан бастап арнаулы кәсіптік жәрдемақы еңгізілуіне байланысты жұмысшы топпен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Онда арнаулы кәсіптік жәрдемақы қандай жағдайда, кімдерге берілетіні және қанша теңге төленетіндігі сынды бірқатар сауалдарға толық ақпарат берілді. Бүгінде зиянды жұмыс жасайтын адамдардың 1300-і түсінік жұмыстарымен қамтылды. Сондай-ақ кездесуде жұмыс берушіден төленетін жәрдемақы бойынша, сақтандыру қорынан және бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан, республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылар туралы мәліметтер айтылды. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап еңгізіліп, бүгінде облыс бойынша мемлекеттік қызмет алушы 11 адамға тағайындалды. Төлем ақпан айынан бастап төленеді, - деді А.Бекқалиева.
Сондай-ақ ол, аталған жәрдемақы төрт қаржыландыру көзінен жүзеге асырылатынын айтып өтті. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде 86814 теңге, өмірді сақтандыру компанияларынан ең төмен күнкөріс деңгейінде 43407 теңге, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде 43407 теңге, осы қаражатты құрағанда 173 мың теңге шамасында болады. Сонымен қатар Үкіметтің қаулысымен бекітілген тәртіппен, қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төртінші төлемі бойынша жүзеге асырылатынын төлем. Оның мөлшері әркімде әртүрлі болады.
Ал зейнет жасына жетпей жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға төлем екі қаржыландыру көзінен ғана беріледі. Олар республикалық бюджеттен ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшеріндегі сома және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төртінші төлемі бойынша жүзеге асырылатынын төлем.
Айта кетейік, жәрдемақы тағайындауға жүгіну «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы арқылы немесе проактивті қызмет түрінде кез-келген уақытта жүзеге асырылады. Яғни зейнет жасына жеткен өтініш беруші жәрдемақымен бірдей уақытта зейнетақы тағайындатуға өтініш беруге мүмкіндігі бар.
Жалпы бүгінге дейін аталмған төлем бойынша түсіндіру жұмыстары 36 мекемелерге жүргізіліп, барлығы 1300-ден астам адам қамтылған.