Атырауда ардагер журналистерге мемориалдық тақта орнатылды

Бүгін Атырауда облыстық «Atyraý» газетінің екі мәрте бас редакторы, белгілі қаламгер, журналист Теңдік Жауыров пен «Егемен Қазақстан» газеттерінің бұрынғы қызметкері, фельетоншы, публицист Нури Муфтахтың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шараға «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркенов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Елеусінов және ақпарат саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

- Баспасөздің қоғамда қаншалықты маңызды орынға ие екендігі белгілі. Соның ішінде аймақтың тынысын шежірелеп келе жатқан облыстық басылымдардың ролі зор. Міне, Атырау облысының тыныс-тіршілігін қалың оқырманға боямасыз жеткізіп келе жатқан облыстық «Atyraý» газетінің алғашқы нөмірі шыққанына да бір ғасыр толды. Бүгінгі басқосу да кейінгі ұрпаққа берері мол ұлағатты іс деп білеміз. Белгілі қаламгер, фельетоншы Нури Муфтахтың өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып, құрметімізді көрсеткіміз келеді. Әділдіктің ақ семсері болған жазушыны қалың оқырман, ізінен ерген шығармашылық өкілдері мәңгі есте сақтайтыны сөзсіз,- деді Ж.Біркенов.

Нури Муфтахқа арналған мемориалдык тақтаны  ашу құрметін «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Жасын Біркенов, қаламгердің досы Кабдырахим Жанбырбаев және інісі Амангелді Қуаналиевке ұсынылды.

Ал, Теңдік Жауыровқа арналған мемориалдық тақтаны ашу құрметі әріптесі Қадыр Жүсіп, «Атырау-Акпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмагамбетов пен қаламгердің інісі Орақ Жауыровқа жолданды. Салтанатты шара соңында ардагер журналистің достары мен бауырлары атынан Кабдырахим Жанбырбаев, Жұмабай Доспанов, Өтепберген Әлімгерейұлы, Қадыр Жүсіп, Орақ Жауыров, Исатай Балмағамбетов сөз сөйлеп естеліктерімен бөлісті.