Атырауда ақсақалдар бата беруден сайысқа түсті

Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылдық клубында ақсақалдар бата берді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. Бата беру сайысында ауылдық округтер бойынша 8 ақсақал бақ сынасты. Нәтижесінде сөз мәнері мен тыңдаушыға әсері зор,  мазмұны озық болған үш ақсақал алға шықты. Бірінші орын Дамбы ауылдық округі, Дамбы ауылының тұрғыны Дендербай Жарылғасыновқа бұйырды. Екінші және үшінші орындарды Дамбы ауылдық округі, Амангелді ауылының ақсақалы Сатыбай Апенде мен Атырау ауылдық округі, Құрманғазы ауылының ақсақалы Бисенбай Тайров өзара бөлісті. "Сайыстың мақсаты – батагөй ақсақалдарды дәріптеу арқылы, халықты ынтымақ, береке-бірлікке үндеу. Бата жасау дәстүрін жаңғырту" дейді ұйымдастырушылар. Батагөй ақсақалдардың өнеріне еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Хамза Ғабдолов, ҚР Мәдениет қайраткері және үздік өлкетанушы Аманғали Әміржанұлы, Балықшы аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Юсупов қазылық етті.