Атыраудағы аптап ыстықтың беті қайта ма?

Синоптиктер Атыраудағы аптап ыстықтың қашан қайтатыны туралы болжам жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен білгеніміздей, «КазГидромед» АОФ Ауа райын болжау бөлімінің басшысы Аина Казгулованың айтуынша, 20 маусымда облыстың шығысы мен оңтүстігінде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіліп отыр. Сонымен қатар солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 9-14 м/с болса, найзағай кезінде 15-20 м/с-қа жетеді. 21 маусымда солтүстік-батыста жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал 22-інде күндіз аймақтың басым бөлігінде, түнде батысы мен оңтүстігінде қатты жаңбыр болжанды.

- 21 маусымда өңірдегі ауа температурасы 32-37 ыстық. Түнде сынап бағанасы 18-23 градус төмендейді. Келесі күні 27-ден 32-ге көтеріліп, түнде 15-20 градус. Ал облыстың батыс бөлігінде температура 22 градусқа төмендейді, - деді А.Казгулова.

Жедел-жәрдем бөліміндегілердің айтуынша, аптап ыстықта өзін жайсыз сезініп, көмекке жүгінген тұрғындардың қатары жылдағыдан аз. Алайда 18 маусымда үш жағдай тіркелді. Екі науқастың жағдайы қалыпты. Ал егде жастағы бір науқас «Күн тию» диагнозымен Атырау облыстық ауруханаға жеткізілді.

Мерует АХОНОВА

Фото: "AtyrauPress"