Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алтын шаңырақ» Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, Атырау қалалық перзентханасында «Қайырымдылық керуені» атты акция өтті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Қайырымдылық керуені» акциясы арқылы қоғамда мейірімділік пен қамқорлықты арттыруға ұмтылған ұйымдастырушылар бұл күннің маңыздылығына тоқталды.
- 28 ақпаннан 1 наурызға қараған түні босанған аналарды құттықтап, еліміздің демографиялық өсуіне, көбеюіне атсалысып, өмірге дені сау ұрпақ әкеліп жатқан аналарға алғысымызды білдірдік. Оларға ақ орамал тартып, сый-сияпат көрсеттік. Мерекені пайдаланып, ыстық отанымыз — қазақ еліне алғысымыз шексіз, өсіп-өркендей берсін дегім келеді,-дейді облыстық ҚХА «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбіш.
Алғыс айту күнінде ерекше мәні бар акция аясында 1 наурыз күні Атырау қалалық перзентханасында дүниеге келген 10 балаға арнайы сыйлықтар мен қолдау көрсетілді. 10 баланың үшеуі қыз, жетеуі ұл. Балалар мен олардың отбасыларына жылы лебіздер мен ақ тілектер айтылды
— Алғыс айту күні баршаңызға құтты болсын! Іс-шараның өтіп жатқанына көп рақмет. Біздің көңіл-күйімізді көтеріп, жақсы мерекелік кеш болып жатыр екен. Алғыс айту күнінде мен қыз баланы дүниеге әкелдім. Екі ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Аурухана ұжымына алғысым шексіз, — деді жас ана Гүләйім Нұрқуатқызы.
Шараны ұйымдастырған «Алтын шаңырақ» Аналар кеңесі және Қазақстан халқы Ассамблеясы әрбір азаматтың қоғамға тигізетін үлесі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында халықты бірлік пен ынтымақтастыққа шақырды.