2020 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есе өсті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы облыстық Қоғамдық кеңесте Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бас дәрігері Асхан Байдуәлиев мәлімдеді.
Облыста 2021 жылдың қорытындысы бойынша туу көрсеткіші 1,5 пайызға (2020 жылғы 27,19-дан 2021 жылы 1000 адамға шаққанда 27,59-ға дейін), ал табиғи өсім 0,6 пайызға (20,02-ден 20,13-ке дейін) өсіп отыр.
-Өкінішке қарай, жалпы өлім көрсеткіші 4,05%-ға жоғарылып отыр, оның ішінде ең жоғарғы көрсеткіш - ана өлімі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 20 ана өлімі тіркелді және көрсеткіш 100 мың тірі туғандарға шаққанда 110,4 құрады. Ал 2020 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есе өсті (9 жағдай, 100 мың тірі туғандарға шаққанда 50,6 көрсеткіш). Республика деңгейімен салыстырғанда (2021 жылғы көрсеткіш 44,7) ана өлімінің көрсеткіші 2,4 есе жоғары, - деді А.Байдуәлиев.
Айта кетейік, былтыр ана өлімі себептерінің құрылымында экстрагениталдық аурулар - 90% болса, оның 60%-ын (яғни 12 жағдай) коронавирустық инфекция, ал 10%-ын акушерлік асқынулар құрады.