Атырауда отандасқандарына 25 және 50 жыл болған отбасылар некесін жаңадан қиған жастармен кездесті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Тәрбиелік мәні зор кездесуді Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қызметкерлері 8-қыркүйек - Отбасы күні қарсаңында ұйымдастырып отыр. Іс-шараға Алтын және Күміс той иелері арнайы шақырылды. Олар шаңырақты шайқалтпау, ерлі-зайыптылардың бір-бірін сыйлау, қиындыққа қасқайып қарсы тұру және оны жеңу секілді ақыл-кеңестерін жас отбасыларға айтып берді.
Кездесуге жарты ғасыр отандасып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған екі отбасы, атап айтқанда: Индер ауданынан Өтеген Ақышев пен Роза Сүйінғалиева және Исатай ауданынан Есенгелді Отаров пен Мақпал Отарова келді.
Ақышевтар отбасы 4 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп, олардан 3 немере мен 11 шөбере көріп отыр.
Отаровтар отбасы да 4 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп, 19 немере мен 1 шөберенің қызығына марқайып отыр.
Күміс той иелері: Мақат ауданынан Бауыржан және Мәншүк Муханбетовтер, Құрманғазы ауданынан Бақыт Испергенов пен Жанна Қуанова, Мадияр Мақсотов пен Айман Бисекенова, Махамбет ауданынан Райымбек және Гүлдана Есімғалиевтер, Қызылқоғадан Талғат Қанатқалиев пен Кенжегүл Байдәулетова ерекше ілтипатқа ие болып, отбасын қалай берік ұстау керектігі жайлы ойларымен бөлісті.
Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор – комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзинаның айтуынша, бұл кездесу арнайы ұймдастырылды.
-Өйткені қазір жастар арасында ажырасу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Осындай тәрбиелік мәні бар іс-шаралардан соң жастар жағы өнеге алса екен дейміз. Алтын той иелері соғыстан кейінгі қиындықты еңсерсе, ал Күміс той иелері алаң-елең тоқсаныншы жылдың ауыртпалығына мойымай, отбасын сақтай білді, - деді З.Жалмурзина.
Бұдан бөлек, кездесуге жуырда отбасын құрған жастар да қатысты. Соның ішінде бүгін некесін қиып, жаңа өмірге қадам басқан Асылан Кибатоллаев пен Ботагөз Әбдәзиді жиналған көпшілік арнайы құттықтап, ізгі тілектерін айтып құттықтады. Облыстық мәслихаттың хатшысы Нұржан Ермұханов жастарға қос әулеттің аманатын арқалап отырғандықтан, алдағы өміріне байыппен және жауапкершілікпен қарауға шақырды.