Бүгін Атырауда алғаш рет қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарысқа 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 700-ден астам балуан бақ сынайды. Жарыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, «Qazaq kuresi» Ассоциациясы, Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтеді. Бәсекеде ерлер арасында 55-100 келі және одан жоғары, ал әйелдер арасында 48-77 келі және одан жоғары салмақ дәрежесінде өзара мықтылар анықталады.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев арнайы қатысып, спортшыларды құттықтады.
- Баршаңызды ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен өтіп жатқан Қазақстан Республикасы чемпионатының ашылу салтанатымен құттықтаймын. Қазақ күресі ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Бүгінгі облыста өтіп жатқан чемпионаттан мықтылар анықталып, ертеңгі қазақ күресінің дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін. Спортшыларға сәттілік. Ең үздік балуан жеңіске жетеді деген ойдамын, деді Ж.Бисембиев.
Айта кетейік, үздіктер келесі жылы өтетін Əлем жəне Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.