Атырауда алғаш рет мемлекеттік қызметшілер арасында садақ атудан ашық турнир өтті

Тартысты додаға мемлекеттік органдардан 13 команда, 40-қа жуық қатысушы бақ сынады.

Іс-шара облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыатық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жарыстың негізгі мақсаты - мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық ойындарды жандандыру арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру және салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру.

Тартысты додаға мемлекеттік органдардан 13 команда, 40-қа жуық қатысушы бақ сынады. Жарысқа қатысқан мемлекеттік қызметшілерге 10-15 метр қашықтықтағы нысананы көздеп ату міндеттелді. Аталған іс-шараға облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов қатысып, қатысушыларды құттықтады.

- 25 қазан - Республика күніне орай алғаш рет ұйымдастырылып отырған мемлекеттік қызметшілер арасындағы садақ атудан ашық турнирге кош келдіңіздер. Шыдамдылық, мықтылық, қырағы көз, қол қуаты, осының барлығы садақ атумен ұштасады. Жарыстың өткізілуіне ат салысқан азаматтарға, әсіресе Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына, сонымен қатар “Батухан” федерациясына алғысымды білдіремін, деді Е.Ермаханбетов.

Жарыстың нәтижесі бойынша I орынды облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің командасы, II орынды облыстық Қазынашылық департаментінің командасы, III орынды облыстық Әділет департаментінің командасы жеңіп алды. Сонымен қатар Үздік жебе" номинациясымен ерлер арасында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Шугаепов Руслан және әйелдер арасында Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Ескалиева Малика марапатталды.