Атырауда алғаш рет жасөспірімдер арасында волейболдан Қазақстан Республикасының көктемгі чемпионаты өтті

Додаға еліміздің әр өңірінен келген 2009–2010 жылғы спортшылардан құралған 14 команда қатысты. Тартысты өткен жарыста Атырау командасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі ІІ орынды иеленді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Чемпионат алдында облыстың бас бапкері ауылдық округтерде іріктеу жарыстарын өткізіп, үздік ойыншыларды құрамаға жинақтаған. Бірнеше күнге созылған додада жергілікті құрама команда жоғары техникалық шеберлігі мен тактикалық дайындығын көрсетіп, финалға дейінгі барлық қарсыластарын сенімді түрде жеңді. Алайда соңғы тартысты кездесуде Павлодар командасынан бір ұпай айырмасымен есе жіберді.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар командасы иеленсе, Атырау екінші, ал үшінші орын Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы командасына бұйырды. 

Айта кетейік, енді чемпионатта көзге түскен үздік ойыншылар Қазақстан Республикасының құрамасына жолдама алады.