Атырауда алдағы күндері бірқатар мәдени шара өтеді

15–17 қаңтар аралығында Атырау қаласында театр қойылымдары мен танымдық мәдени шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы өңірдегі мәдени мекемелердің афишасында жарияланды. Алдағы күндері қала тұрғындары драма, мелодрама, фэнтези жанрындағы спектакльдерді тамашалап, өнерге арналған дәріс-сағатқа қатыса алады.

15 қаңтар күні сағат 11:00-де Шәмші Сариев атындағы өнер музейінде «Әр сурет – уақыт дауысы» тақырыбында дәріс-сағат өтеді. Шарада бейнелеу өнері арқылы уақыт пен қоғамның бейнесі туралы ой қозғалады.

Сол күні кешкі сағат 19:00-де Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында режиссер Ж.Телтаевтың «Кездесу мен қоштасу» мелодрамасы көрерменге ұсынылады. Қойылым адам тағдыры, сезім мен таңдау тақырыбын қозғайды.

16 қаңтар күні сағат 19:00-де Атырау Жастар театрында «Қар қызы» атты драма-фэнтези сахналанады. Қоюшы режиссері – А.Бәдел. Қойылым қиял мен шынайылықты ұштастырған мазмұнымен ерекшеленеді.

17 қаңтар күні сағат 11:00-де Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында балалар мен отбасылық көрерменге арналған «Ән сал» спектаклі көрсетіледі. Қойылымның режиссері – Г.Қамысбаева.

Ал сол күні кешкі сағат 19:00-де осы театрдың кіші залында «Болмаған оқиға» драмасы сахналанады. Қойылымды М.Томанов пен Т.Мұхтаров бірлесіп қойған.

Айта кетейік, аталған мәдени шаралар қаңтар айының ортасына дейін жалғасады. Қойылымдар мен дәрістер қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және мәдени өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.