Атырауда алаяқ жұмысқа орналастырамын деп алдаған

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Ч.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Атырау соттарының ресми парақшасы мәлім етті. Бірінші сатыдағы сот үкімі бойынша Ч. алаяқтық қылмысын жасап, яғни жәбірленушілердің сеніміне кіріп, өзінің мүмкіндігі болмаса да, оларды жұмысқа орналастыруға уәде беріп алдап, бірнеше рет ақшаларын жымқырған.

Аудандық сот үкімімен ол ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сот үкімімен келіспеген сотталған Ч. және оның қорғаушысы адвокат апелляциялық шағымдар келтірген.

Сотталған Ч. апелляциялық шағымында мүліктік залалдың орны толғанын жасаған әрекетіне өкінетінін көрсетіп, сот үкімін өзгертіп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Адвокат жәбірленушілерге келтірілген мүліктік залалдың орны толғанын, жәбірленушілердің оған қояр талаптарының жоқ екенін ескеріп, Ч.-ға жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

Алқа сотталғанның жеке басын зерделеп, жасаған әрекетіне шынайы өкініп отырғанын, асырауында жұмыссыз зайыбы, екі кәмелет жасына толмаған балалары бар екенін, 2 топтағы мүгедек анасы ұлы Ч.-ның қамқорлығына мұқтаждығын, қылмыспен келтірілген 473 000 теңге залал толығымен өтелгенін, жәбірленушілердің оған қояр талаптары жоқ екенін ескеріп, сот үкімін өзгертіп, сотталушыға ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің санкциясымен көзделген бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға мүмкіндік бар деген тұжырымға келді.

Сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгертілді. Ч.-ға ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ