Атырауда "Ақжайық" шағынауданының тұрғындары ауызсудан тапшылық көріп отыр

Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи «Ақжайық» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында жарық мәселесі, көгалдандыру, қоғамдық көлік, қоқыс жәшіктерін көбейту, ойын алаңдарын салу төңірегінде мәселелер ортаға салынды.  Тұрғындар көтерген мәселелер өзектілігіне орай шешіліп жатыр деген қала басшысы жиналғандардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, елдімекенде алдағы уақытта атқарылатын жоспарлармен де бөлісті.

Аталған аумақтағы тұрғындар жазғы су мәселесін айтқан болатын. Өз кезегінде қала әкімі жазғы су қысымын арттыруға қатысты жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатырғанын жеткізді.

- "Ақжайық" шағынауданында жаз мезгілінің басталуымен күндізгі уақытта тұрғындар үйге іргелес бау-бақшаларды ауыз суымен суарғандықтан су құбыры желілерінде су қысымының төмендеуі байқалады. Ол үшін қазіргі уақытта «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесімен "Ақжайық", Көкарна, Көкарна-2, Тасқала, Тасқала-2, Тасқала-3, Жаңаталап, Жаңаталап-2, Зарослый селоларының тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қысыммен қамтамасыз ету үшін «Мирный» су қысымын көтеру станциясында қосымша қуатты сораптарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, Ақжайық ауылына да жазғы суару құбырларын жобалап, құрылысын салуды қарастырып жатырмыз, - деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қала басшысы ойын алаңдарының құрылысына қатысты арнайы тоқталды.

- "Ақжайық" шағынауданына спорт және ойын алаңы құрылысын салу үшін қазіргі уақытта бос жер учаскесі анықталуда. Жер құжаттары дайын болғаннан кейін құрылысы басталатын болады, - деді.

Айта кетейік, жиынға қалалық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты бөлім жетекшілері және коммуналдық мекеме өкілдері қатысты.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды