Атырау облысының әкімдігі кәсіпкерлерді жекеменшік мектептер ашуға шақырады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Еліміздің бірқатар облыстарында жеке мектептердің ашылуы қарқын алып, білім беру саласының дамуына оң әсерін тигізуде. Солардың бірі - Атырау облысындағы «QAZBILIM» ұлттық лицейі. Лицей Атырауда 2022 жылдың 27 тамызында ашылды. Бүгінде жекеменшік мектепте 5-11 сынып аралығындағы 230 оқушы білім алып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мұғалімдермен және оқушылармен кездесіп, өз бизнесін енді бастаған кәсіпкерлер мен азаматтарға жеке мектептер ашудың маңыздылығы туралы айтты.
- Әлеуметтің әлеуетінің артуы білім беру саласымен тікелей байланысты. Өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту үшін кәсіпкерлерді жеке мектептер ашуға шақырамын. Мемлекет тарапынан білім беру қызметін қоса қаржыландыру, жекеменшік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тетіктері бар. Облыс әкімдігі барлық қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге кеңес беруге дайын. Ең бастысы – балаларымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік беру, - деді Жасұлан Бисембиев.
Фото: ашық дереккөз