Атырауда адамға қасқыр шапты...

Кеше 19 желтоқсанда Индер ауданына қарасты Елтай ауылының Көктөбе қыстауында отырған "Бекзат" шаруа қожалығының жұмысшысы Болат Сариевке қасқыр шауыпты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі "Дендер" газетіне сілтеме жасап.

Ойында ештеңе жоқ шаруагер күнделікті әдетімен таңертең малға шөп салу үшін пішен аулаға барған. Сол кезде жаманауыз шыға келіп тап беріпті. Болаттың қолынан тістеп, шабуыл жасағанда қайратты жігіт қасқырмен алыса кетіпті. Сол сәтте арпалыстың дауысын естіген інісі Аманжол дереу жетіп, екеулеп ұрып өлтірген.

"Санитарлық талап бойынша миын алып, зерттеу орталығына жібердік. Сосын өлексені өртеп, көміп тастадық" дейді ауыл ветеринары А.Мұқатов.

Бұған дейін де қасқырдың адамға шабуы кездесіпті. Түз тағысының бұл шабуылы қожалықтарға үрей туғызып отыр.

Фото: pixabay