Атырауда 25 қараша күні Абай орталығында “ABAY Gylym FEST” отбасылық-ғылыми фестивалі өтеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шара еліміздің ғылыми, сараптамалық және креативті қоғамдастығын біріктіре отырып, ата-аналар мен мектеп оқушыларына жетекші сарапшылармен, ғалымдармен және ғылым саласындағы көшбасшыларымен кездесуге, сондай-ақ STEAM (Science, Technology, Engineering Mathematics and Art) саласында құнды білім алуға мүмкіндік бермек.
Фестиваль аясында түрлі тегін білім беру бағдарламалары, робототехника бойынша жарыстар, білім беру жобаларының көрмелері өтеді. Сондай-ақ Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері көпшілік алдында құнды тәжірибелерімен бөлісіп, фестиваль ағартушылық бағыттағы үлкен алаңға айналады деп күтілуде.
- Іс-шараны "Jasspace: Атырау қаласының жастарын дамыту жөніндегі бастамасы" жобасы аясында Орталық Азияның Еуразия Қоры "Шеврон" компаниясымен серіктестікте ұйымдастырып отыр. Фестиваль аясында ата-аналар мен балаларды, мектеп басшыларын, сарапшылар мен білім беру жүйесіндегі көшбасшыларды қоса алғанда, әртүрлі тақырыптар мен аудиторияларды қамтитын 10 секция жұмыс істейді. Мұнда құнды тәжірибесімен бөлісетін көрнекті спикерлер қатарында Forbes Kazakhstan "30-дан 30-ға дейін" рейтингінің қатысушысы Ұлан Үсенов, "Орталық Азияның үздік педагогы" сыйлығының жеңімпазы Рүстем Ермеков, YEMAA мультидисциплинарлық кеңістігінің негізін қалаушы Әсел Ахметжанова бар. Тіркелу үшін мына сілтеме арқылы өту ұсынылады: http://abaygylymfest.kz/registration. Фестивальге кез-келген қызығушылық танытқан адам тегін қатыса алады, - деді JasSpace кеңістігінің жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланова.
Айта кетейік, аталған іс-шара сағат 10.00-де басталады деп жоспарланған.